Атырау облысында 39 жастағы тұрғыннан мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Оның 600-ден астамы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлерінің атынан жасалған. Полицияның мәліметінше, күдікті құжаттарды өзі жасап, сатумен айналысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оқиға 23 қарашада басталған. Полиция қызметкерлері ішінде төрт ер адам отырған Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің куәлігі табылған. Кейін құжаттың жалған екені анықталған. Бұл туралы ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Осыдан кейін полиция жалған құжаттарды жасаған деген күдікке ілінген азаматты анықтаған. Оның үйін тінту кезінде 606 ҰҚК, 95 ІІМ, 47 мемлекеттік кірістер органының, 46 прокуратураның және 9 сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жалған куәлігі тәркіленген.
Бұдан бөлек, 367 ҰҚК эмблемасы, мөр, компьютер, принтер және қатты диск табылған.
Тоқтатылған Lexus көлігіндегі ер адамдардың бірі күдіктіден осындай жалған құжат сатып алғаны белгілі болды. Қазір полиция оның сыбайластарын және жалған куәліктерді сатып алған өзге де адамдарды анықтап жатыр.
Контекст
Еске салайық, тамызда Түркістан облысында өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкері ретінде таныстырған екі ер адам ұсталған еді. Олар медициналық ұйым басшысын қылмыстық іс қозғаумен қорқытып, 15 млн теңге талап еткен. Жәбірленуші оларға 5 млн теңге беріп үлгерген.
Бұған дейін Шымкентте экономикалық тергеу қызметінің жалған қызметкері кәсіпкерден 25 млн теңге алған. Ол медициналық мекемені тексеру кестесінен алып тастауға уәде берген.