Баға өсімі мен қымбат несие: алдағы жылдары қазақстандықтарды не күтіп тұр

Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың соңына қарай Қазақстанда инфляция 9,1 пайызға, ал келесі жылы 8 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Экономистер елдегі баға өсімінің баяулауына қатысты болжамдарын жақсартты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.

Инфляция бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендеуі мүмкін

Ұлттық банктің қараша айындағы макроэкономикалық сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, сарапшылар биылғы және келесі жылға арналған инфляция болжамын қайта қараған. Ал 2028 жылға қатысты болжам керісінше сәл нашарлаған.

Қазан айында экономистер 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9,5 пайыз болады деп болжаған еді. Енді бұл көрсеткіш 9,1 пайызға дейін төмендеді.

2027 жылға арналған болжам 8,3 пайыздан 8 пайызға азайды. Ал 2028 жылға қатысты болжам 6,9 пайыздан 7 пайызға өсті.

Сауалнамаға қатысушылар бес жылдан кейін инфляция 5,1 пайыз деңгейінде болады деп есептейді.

Базалық мөлшерлеме де төмендейді

Сарапшылар жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме 15,75 пайыз деңгейінде сақталады деп болжайды.

Олардың бағалауынша, 2027 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 13,4 пайызға, ал 2028 жылдың соңында 10,8 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Қазан айында 2028 жылға арналған болжам 11,5 пайыз болған еді.

Сауалнамаға Қазақстан экономикасының көрсеткіштерін талдау және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты.

Сізге қызық болуы мүмкін