Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына ауысқаннан кейін Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін Рақымжан Исақұлов атқарып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің міндетін кім атқарып жүр?
Министрліктің ресми сайтында Рақымжан Исақұлов министрдің міндетін атқарушы ретінде көрсетілген. Ол осы мәртебеде азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдаған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
– Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй құрылысының сапасы, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару, мүлік иелерінің бірлестіктерінің (МИБ) қызметі, сондай-ақ тұрғындар мен үйді басқару органдарының өзара іс-қимылы мәселелерін көтерді, – делінген министрлік хабарламасында.
Алайда Рақымжан Исақұловтың министр міндетін атқарушы болып тағайындалғаны туралы жеке ресми хабарлама жарияланбаған.
Рақымжан Исақұлов туралы не белгілі?
Рақымжан Исақұлов 39 жаста. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып, экономика және менеджмент мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленген. Кейін Жапонияда мемлекеттік басқару саласы бойынша магистратураны тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы Президент кеңсесінде бастаған. Президент әкімшілігінде қызмет еткен. Батыс Қазақстан облысы мен Астана әкімдері аппараттарын, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппаратын басқарған.
2023 жылғы қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы қарашада вице-министр қызметіне кірісті. Ведомствода қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жетекшілік етті.
Ұлттық компаниялардағы кадрлық ауыс-түйіс
Еске салайық, 24 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатты. Сол күні ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Елжас Отынышиевті алмастырды.
Бұған дейін Елжас Отынышиев пен «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшысы Нұрлан Жақыпов пара алуға оқталды деген күдікпен қамауға алынған еді.
Ерсайын Нағаспаев кейінгі бір жарым жылға жетпейтін уақытта ҚТЖ-ны басқарған үшінші басшы болды.