Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты Рүстем Құрманғожин өмірден өтті. Ол 25 жылдан астам уақыт Сыртқы істер министрлігі жүйесінде еңбек еткен. Дипломатиялық қызметтен кеткеннен кейін ғылым және ұстаздықпен айналысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әріптестері дипломатпен қоштасып жатыр
Қаралы хабарды Андрей Чеботарев жеткізді.
– Ол Қазақстан дипломатиясының тарихы, халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мәселелері бойынша бірнеше кітап пен көптеген мақала жазған автор. Мен үшін ол жақын дос әрі әріптес болды. Бірге талай жұмыс атқардық. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын, – деп жазды ол.
Дипломаттың қайтыс болғаны туралы өзі бірге жұмыс істеген Cronos.Asia редакциясы да хабарлады. Әріптестерінің айтуынша, Рүстем Құрманғұжин осыдан бірнеше күн бұрын ғана жарияланымдарын талқылап, жаңа кітап жазу жоспарымен бөліскен.
Дипломатиядан ғылымға бет бұрды
Рүстем Сәлімұлы Құрманғожин 1985 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. 1986-2013 жылдары дипломатиялық қызметте болды. Кеңесші-уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие болған.
Әр жылдары Сауд Арабиясы мен Бельгияда жұмыс істеді. Дипломатиялық мансабы туралы араб әлемімен байланыс орнату және Брюссельдегі келіссөздер жөніндегі авторлық мақалаларында баяндаған.
2015 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында Қазақстан мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында, КИМЭП пен Нархоз университетінде сабақ берді.
Ғылыми мұрасы
2022 жылы оның «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: сыртқы саясат» атты кітабы жарық көрді. Ал Андрей Чеботаревпен бірлесіп жазған «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: сыртқы саясат тұжырымдамаларының эволюциясы» атты ғылыми еңбегі 2023 жылы жарияланды.
Құрманғожин өмірінің соңғы күндеріне дейін халықаралық саясат тақырыбында қалам тербеді. Cronos.Asia басылымындағы мақалаларында Қазақстанның әлемдік державалармен қарым-қатынасын, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық перспективаларын талдап, қазақ дипломатиясының қалыптасу кезеңі туралы естеліктерін бөлісті.