Мәслихат сайлауы алдында қазақстандықтарға қандай тыйымдар бар екені ескертілді

gov.kz

Бүгін – мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізуіне берілген соңғы күн. Сенбі, 28 қарашада Қазақстанда тыныштық күні басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үгіт-насихат түн ортасында аяқталады

28 қараша сағат 00:00-ден бастап дауыс беру аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгітке, соның ішінде әлеуметтік желілердегі үгітке тыйым салынады.

Бұған дейін жарияланған жазбаларды өшірудің немесе сайлау учаскелері мен комиссияларының ғимараттарынан тыс жерлерге ілінген үгіт плакаттарын алып тастаудың қажеті жоқ.

– Сонымен қатар бұрын жарияланған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға жол берілмейді, – делінген бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің үндеуінде.

Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізген азаматтарға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 20-дан 35 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Бас прокуратураның мәліметінше, осы уақытқа дейін сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты. Заң бұзғандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бюллетеньді суретке түсіруге болмайды

Жексенбі күні сайлаушыларға толтырылған бюллетеньдерді суретке және видеоға түсіруге, сондай-ақ мұндай кадрларды таратуға тыйым салынады. Дауыс беру аяқталғанға дейін қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды.

Бұл талапты бұзған азаматтарға 10 АЕК, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру учаскелерінде қоғамдық пікірге қатысты сауалнама жүргізуге тыйым салынған.

Митинг өткізу тәртібі ескертілді

Сайлау қарсаңында Бас прокуратура бейбіт жиналыстар өткізу туралы заң талаптарын да еске салды.

– Жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама беру тәртібі қарастырылған. Ал демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін келісім алу қажет, – делінген үндеуде.

Белгіленген тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

Еске салайық, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Оны өткізуге бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінген.

Сізге қызық болуы мүмкін