Wildberries маркетплейсі Қазақстанда WB Taxi такси қызметін іске қосуы мүмкін. Осылайша, қазақстандықтар қазір «Яндекс Go» мен inDrive негізгі ойыншы саналатын нарықта тағы бір ірі агрегатордың қызметін пайдалана алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Компанияның жоспары туралы Taxi.kz негізін қалаушы Тимур Худайбергенов YouTube желісіндегі «Бизнес-Ниндзя» подкастында айтты. Алайда ол қызметтің нақты қашан іске қосылатынын нақтыламады.
– Wildberries таксиі Қазақстан нарығына сөзсіз шығады, – деді Худайбергенов.
Худайбергеновтің өзі таксопарк иесі әрі «От таксиста до миллионера» кітабының авторы. Оның айтуынша, WB Taxi қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь елдерінде жұмыс істейді. Ал Арменияда бұл қызметті жақында сынақтан өткізе бастаған.
«Яндекстен» келген маман
Худайбергеновтің пікірінше, компанияның Қазақстан нарығына шығуға дайындалып жатқанының бір белгісі – кадрлық тағайындау. Шамамен бір ай бұрын Қазақстандағы Wildberries командасына Yandex Go сервисінің бұрынғы басшысы қосылған.
2026 жылғы қазанда Тайыр Байдүсен Wildberries компаниясының Қазақстандағы өңірлік директоры болып тағайындалды. Бұған дейін ол Yandex Go-ның жергілікті бөлімшесін, кейін Anytime каршеринг қызметін басқарған.
Өзбекстанда да осыған ұқсас жағдай болған. 2026 жылғы қаңтарда WB Taxi қызметінің басшылығына бұған дейін Yandex Go-ның осы елдегі жұмысын үйлестірген Тимур Алиев келді.
Контекст
Еске салайық, қазан айында Қазақстанда «Яндекс Go» қызметі уақытша істемей қалды. Соның салдарынан inDrive қызметіне сұраныс күрт артып, кейбір бағыттарда жолақы үш есеге жуық қымбаттады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive компаниясына ескерту жолдады.
Осы ақаудан кейін Ulysmedia.kz ресейлік «Яндекстің» Қазақстандағы такси нарығында қалайша негізгі ойыншыға айналғанын және елде неге ірі отандық агрегаторлар жоқ екенін зерттеген еді.
Қараша айында Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким компанияның бас директоры қызметінен кетті. Бұл Еуропалық одақ оған қарсы санкция енгізгеннен бірнеше күн өткен соң болды.