Қазақстан аумағынан ірі қара мен ұсақ малды (ұрғашы) әкетуге тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің бірлескен бұйрығында жазылған.
«Қазақстан Республикасының аумағынан аналық ірі қара малды және аналық ұсақ малды әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған бірлескен бұйрықта.
Салынуы мүмкін экспорттық шектеуді іске асыру мен қадағалау Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлігінің тиісті комитеттеріне жүктеледі.
Қазақстанда мал саны қанша?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде 25 млн-ға жуық ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Елде мад басы жылдан-жылға өсіп келеді. Егер 2020 жылы 10,1 млн бас болса, 2021 жылы 12,1, ал 2022 жылы 13,1 млн бас, жылына орта есеппен 11,8 млн бас туады.
Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, биыл 17 қаңтардағы жағдай бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жататын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жеке қосалқы шаруашылықтарда ауылшаруашылық жануарларының саны айтарлықтай өскен. Мысалы, тек ірі қара мал бойынша соңғы 10 жылда мал басы 7,7 пайызға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызды құраған.
Жайылым жер тапшылығы қалай шешіледі?
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың дерегінше, Қазақстандағы 17 облыстың 15-інде жайылым тапшы. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында тапшылық мәселесі ушығып тұр.
Үкімет жайылым тапшылығын пайдаланылмаған және заңсыз берілген жерлерді қайтару арқылы шешпек. Мәселен, былтыр мемлекетке 5,35 млн гектар жер қайтарылған. Биыл тағы 12,9 млн гектар пайдаланылмай жатқан және 8,1 млн гектар ұтымсыз пайдаланылған алқаптар анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі сол алқаптарды ел меншігіне қайтаруға ниетті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, СҚО шенеуніктері жер үшін соттасып жатыр. Әкімдік мәліметінше, бүгінде жайылымдық жерлерді қайтару бойынша сотқа жалпы ауданы 18 мың гектар жер үшін 71 талап арыз берілген.