Жаңаөзенде интернет жоғалып кетті. Бұл туралы жергілікті тұрғындар айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәліметтер бойынша, қалада телефон байланысы да мезгіл-мезгіл үзіліп тұр.
Ал, Жаңаөзендегі әкімдік ғимаратының алдында ерлер де, әйелдер де, зейнеткерлер, тіпті жасөспірімдер де жерлестерін босатуды талап етуде.
Сәуірдің 11-і күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанында пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшыларды тәртіп сақшылары ұстады.
Бейнежазбадан жұмысшыларды тәртіп сақшыларының қалай күштеп ұстағанын көруге болады.
Сәуірдің 10-ы күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін мердігер «Берәлі Маңғыстау» компаниясының 70-ке жуық бұрынғы жұмысшысы жиналды.
Ер азаматтар Астанаға Жаңаөзеннен келген, өздері түсіндіргендей, олар шарасыздықтан жолға шыққан. Айтуларынша, «Берәлі Маңғыстау» компаниясы тендерде жеңіліп, барлығы жұмыссыз қалған.
Жаңаөзендік жұмысшылар түні бойы далада болды.