Елена Рыбакина жеңді. Әлем чемпионатының жолдамасы - қанжығада

Ulysmedia

Астанадағы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан - Польша матчында еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина қарсыласын ұтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Бүгінгі алғашқы кездесуде қазақстандық теннисші әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетпен шеберлік байқасты.

Кеше 2:0 есебімен алға шыққандықтан, Қазақстан құрамасына командалық әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір ғана жеңіс жеткілікті еді.

Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Е. Рыбакина брейк жасап, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екінші сетте қазақстандық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, М. Линетт таразы басын теңестірді. Дегенмен, Елена қайта брейк жасап, өз геймін алды – 4:2. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 6:2.

Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 3:0 есебімен алға шығып, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.