Суданда арнайы жасақ пен әскерилер қақтығысып, 56 адам қаза тапты

Ulysmedia

Хартум қаласында Суданның тұрақты армиясы мен Жедел әрекет ету күштері арасында қақтығыстар болды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.

Ашық дереккөз

Судандағы қақтығыс Жедел әрекет ету күштері Қарулы күштерге біріктірілгеннен кейін басталған. Мұндай өзгерістер Суданды азаматтық билікке қайтару туралы келісімді жүзеге асыру үшін қажет болды. Нәтижесінде генералдар келісе алмай, дау қарулы қақтығысқа ұласты.

Euronews Жедел әрекет ету күштерінің Хартумдағы халықаралық әуежай аумағында орналасқанын, сонымен қатар Меровтағы әуе айлағын бақылауға алғанын жазды. Бұған жауап ретінде, соңғы мәліметтер бойынша, Судан әскері астанадағы арнайы жасақ штабына әуеден соққы берген.

Суданның Орталық дәрігерлер комитеті қақтығыс кезінде кем дегенде 56 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Тағы 595 адам жарақат алған.

Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен Судандағы зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Бас хатшының Судандағы арнайы өкілі зорлық-зомбылықты қатаң айыптап мәлімдемелер жасады.