Жаңаөзенде жарылыстан қаза тапқандар саны 3 адамға жетті

Ғалиасқар Думан

Жаңаөзенде жарылыс болған үйде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖМ

“Құтқарушылар үйінділерден тағы үш тірідей алып шықты: ер адам, әйел адам және бір бала. Қазіргі жағдай бойынша құтқарушылар үйінділердің астынан 4 аман қалған адам мен 3 адамның денесін алып шықты”, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылды.

Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық техника мен 350-ге жуық адам жұмылдырылды: құтқарушылар, оның ішінде кинологиялық есептоп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер бар.

Еске салайық, бүгін таңертең Жаңаөзен қаласындағы 2-ші шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылды.