Алматылық таксиші шетелдікті әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген

Ғалиасқар Думан

Көлік полицейлері шетелдік азаматты Алматы әуежайынан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

ІІМ мәліметінше, 18 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының “Франкфурт – Алматы” бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданған. Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған. 

Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады. Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда тиісіп, арбап, оған такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған.

“Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген полиция хабарламасында.