Атырауда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 28 тонна дизель отыны мен 2 мыңнан астам бөтелке алкогольді ішімдік тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметі мәлім етті.
«Департамент қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз сауда айналымын анықтау мақсатында арнайы іс-шараларды жүргізіп келеді. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда заңсыз айналымнан жалпы құны 1 087 005 теңгеге бағаланған 2 223 бөтелке алкоголь өнімдері алынды. Бұған қоса, мұнай өнімдерін заңсыз өткізуді жүзеге асыратын адамдар анықталды. Олар жалпы сомасы 4,8 млн теңгенің 28,3 тонна дизельдік отынын заңсыз сатпақ болған», - деп хабарлады ведомство.
Аталған деректерге байланысты жинақталған іс құжаттары Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Сот шешіміне сәйкес 2 223 бөтелке алкоголь мен 28,3 тонна дизель отыны тәркіленді.
Айта кетейік, 31 қаңтардан бері Қазақстан аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып кетудің 288 фактісінің жолы кесілген.