"Баға 10 есе өскен": Азық-түліктің қымбаттауына жол берген әкімдер сынға ілікті

Ғалиасқар Думан

Сенат депутаты Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының негізсіз шарықтауына жол беріп отырған шенділерді сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны өндірушіден соңғы тұтынушыға жеткенше негізсіз 10 есе өсу фактілері бар. Бұл ретте айырмашылықтың басым үлесі азық-түлік дүкендеріне тиесілі болды. Мысалы, егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде бұл тауардың құны 900 теңгеге жетеді. Бағаның көтерілу себебі әкімдіктердің сауда қызметіне тұрақты мониторинг жүргізбеуіне байланысты деп санаймын», - деді Қайрат Тастекеев.

Сенатордың  пікірінше, баға мониторингін ашық жүргізу үшін тауар жеткізу процесін бастан-аяқ цифрландыру қажет.

«Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақталуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін азық-түлік бағасын тежеу бойынша түбегейлі жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Осы тауарларды нарыққа шығарудан бастап, түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі бүкіл сауда процесін цифрландыру керек», - деді ол.

Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.

“Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”, – деді мемлекет басшысы.