Ресей Қырғызстаннан сүт өнімдерін тасымалдауды тоқтатты

Ulysmedia

Ресей Қырғызстаннан сүт өнімдерін импорттауды тоқтатты. Мұндай ақпарат Қырғызстанның мемлекеттік тіл жөніндегі комиссиясының төрағасы Қаныбек Осмоналиевтің қырғыз әліпбиін латынға көшіруге дайын екендігі жөнінде мәлімдемесінен кейін пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Азаттықтың жазуынша, "Россельхознадзор" 21 сәуірде Қырғызстаннан келген сүт өнімдерін тексергеннен кейін өндірушілердің "өнім сапасын дұрыс бақыламайтыны" анықталды деп мәлімдеді.

Ресей билігі жылдар бойы "Россельхознадзорды" Мәскеуге әрекеті жақпай қалған бұрынғы совет республикаларына қарсы ықпал ететін тетік ретінде пайдаланады. Ресей бұрын Армения, Беларусь, Грузия, Молдова және Украинамен қарым-қатынасы нашарлаған кезде осы елдерден өнім тасымалдауға тыйым салған. Бұл елдер Мәскеудің әрекетін "экономикалық санкция" деп атаған.

Импорт тоқтамай тұрып бір күн бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Осмоналиевпен кездесіп, оны Мәскеуге ұнамай қалған 19 сәуір күнгі қырғыз әліпбиін латынға көшіру туралы мәлімдемесі үшін сөккен.

Сарапшылар түркітілді елдердің латынға көшу ниетін олардың Ресейден алшақтап, ұлттық идентификацияны жаңғырту талпынысымен байланыстырады.

Қазақ тілін латынға көшіруді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы тапсырған. Бірақ қазір билік латынға көшуді сирек айта бастаған. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда "асықпау қажеттігін" тағы ескерткен.