"Қыздарымыз шетелге күңдікке түсті": депутат жастарды адастырған блогерлерге шүйлікті

Ғалиасқар Думан

Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Мәжілісмен Анас Баққожаев премьер-минист мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

newidea.com.au

Депутаттың пікірінше, өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсінбейді. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек.

“Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім”, – деді Анас Баққожаев.

Мәжілісмен өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп бара жатқанын айтты.

“Олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс”, – деді депутат.

Баққожаевмұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан деп есептейді.

“Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді. Әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз.

Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз”, – деді мәжілісмен.

Депутат осыдане бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген тапсырмасын еске салды.

“Алайда бұл заңның әлі дайын еместігін көріп отырмыз.  Сондықтан, біріншіден, Аталған заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек. Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артуда”, – дейді ол.