Прокурорға пара ұсынған казино заңгері сотталды

Айнель Аянова

2 мамырда Бурабай аудандық сотының үкімімен казиноның заңгері елеулі мөлшерде пара бергені үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Естеріңізде болса, 2023 жылдың 26 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті Бас прокуратураның Ішкі тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп «Cash Ville» казиносы заңгерінің қылмыстық әрекетін әшкерелеген.

Антикор мәліметінше, ол прокуратура қызметкеріне казиноның қаржылық қызметін тексеру нәтижелерін оң шешкені үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

Сот шешімімен заңгерге жиырма есе мөлшерде айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 184,5 млн теңгені құрайды.

Сотталушы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.