Ринат Зайытов Алматыдан айтыс ақындарына арнайы ғимарат беруді өтінді

Ғалиасқар Думан

Депутат Алматы қаласынан Қазақстанның айтыс ақындары мен жыршы – термешілер одағының атына тұрақты мекенжайы болып бекітілетін ғимарат ашып беруді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

«Еліміз тәуелсіздік алғалы айтыс өнері ары тұра мемлекеттік қаржысынан ұйымдастырылатын айтыстар болмаса, мемлекеттен мардымды қолдау көрді деп айта алмаймыз. Уақыттың сынақтарына қарамастан айтыс өнері бүгінгі күнімізге, қазақ халқының махаббатымен демеуінің арқасында жоғалып кетпей жетті», - дейді депутат.

Оның сөзінше, 2012 жылдың 1 тамызында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Қазіргі таңда, одақ мүшелігінде 250-ге тарта айтыскерлер мен жыршы, термешілер бар. Одақ құрылғаннан бері 110 халықаралық және республикалық, 100 ден астам облыстық пен аудандық айтыс өткізілген. 5 рет Республикалық жыршы-термешілер байқауын жеке кәсіпкерлердің көмегімен ұйымдастырған.

«Алайда, мұндай зор іс-шараларды жүзеге асырып отырған Одақтың әлі күнге дейін бір тұрақты ғимаратының жоқтығы өкінішті-ақ. мемлекет тарапынан айтысқа бөлінетін қаржы да Одаққа белгісіз себептермен толық жетпейді. Алматы қаласынан Қазақстанның айтыс ақындары мен жыршы – термешілер одағының атына тұрақты мекенжайы болып бекітілетін, ғимаратпен қамтамасыз етуді, Мәдениет министрлігі тарапынан жартылай тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуіңізді сұраймын», - дейді депутат.