ҰҚК академиясындағы курсант өлімі: ведомство суицидке құмар ойын себеп болғанын растады

Ғалиасқар Думан

ҚР ҰҚК Академиясы курсантының өзіне қол салу оқиғасынан жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік мәселесін көтерді,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевтан Алматыдағы ҰҚК академиясында курсанттың өліміне қатысты сауал қойды.

«Құмар ойындарға тәуелділік көбінесе заңсыз әрекеттер жасауға және өзіне қол салуға әкеледі. Жақында Алматыдағы ҰҚК академиясында курсанттың қайғылы қазасы болды. Атап айтқанда, курсанттардың құмар ойындарға тәуелділігі мәселесіне қатысты тиісті бақылау жүргізіліп жатыр ма?», - деп сұрады депутат.  

Қалқабаев қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша тергеуді полиция жүргізіп жатқанын айтты.

«Тергеу амалдарының нәтижесінде тиісті қорытынды шығарамыз. Сонымен қатар, біз бұл дерек бойынша қызметтік тексеру жүргіздік. Ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметке және оқуға қабылдау кезінде үміткерлер жан-жақты, оның ішінде «шындық детекторы» арқылы психологиялық тексеруден өтеді. Бұдан кейін академиядағы қызметкерлерге қатысты тиісті мониторинг жүргізіледі, бізде арнайы психологиялық және кадр қызметі бар. Сонымен қатар, ішкі қауіпсіздік департаменті де қызмет атқарып жатыр», - деді Қалқабаев.

Оның айтуынша, бұл бағытта тиісті талдау жасалып, елеулі түзетулер енгізілді.

«Құмар ойынының салдары (академияды) бізде де байқалып отыр. Бұл - Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының тарихындағы жалғыз жағдай. Ең бастысы, адамның құмар ойындарға бет бұра бастағанын бастапқыда анықтау керек. Осы бағытта тиісті іс-шаралар жүзеге асырылады», - деді ҰҚК өкілі.

Еске салайық, 30 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курста оқитын курсанттың мәйіті табылды.