Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметов ОКҚ брифингінде қор қызметкерлерінің жалақысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қор қызметкерлерін ұстауға шамамен 9 млрд теңге жұмсалған.
"Бұл орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің қызметкерлерін есепке алғандағы қордағы мыңға жуық адамның еңбекақысы. Бізде барлық облыстарда филиалдар бар, онда 700-ге жуық адам қызмет етеді. Орташа жалақы – 450 мың теңге", - деді ол.
Қор басшысының сөзінше, қордағы жұмыс жүктемесі үшін бұл сома көп емес.
"Бізде жыл сайын әрбір бесінші қызметкер жұмыстан шығады. Жүктеме өте үлкен болғандықтан, жұмыс өте көп, сәйкесінше олар шыдамайды, кетіп қалады. Егер бізде жақсы жалақы болса, онда адамдар бізден кетпес еді деп үміттенемін", - деп түйіндеді спикер.