Судьяның әрекетіне наразы: Семей тұрғындары аштық жариялады

Ulysmedia

Семей қаласының тұрғындары Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істерін қарайтын судья Ерік Қоянбаевтың әрекетіне наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Азаматтар президент әкімшілігіне, құқық қорғау органдарына және адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгініп, жаппай аштық жариялады. Олар тамақ, су және дәрі-дәрмектен бас тартатыны туралы ресми мәлімдеме жасады.

«Біз Семей қаласының тұрғындарымыз, Өскемендегі тергеу изоляторында отырған 28 баланың туыстарымыз. Біз президент әкімшілігіне, құқық қорғау органдарына, адам құқықтары жөніндегі уәкілге жаппай құрғақ аштық жариялап, азық-түлік, су және дәрі-дәрмектен бас тарту туралы ресми мәлімдемемен жүгінуге мәжбүрміз», - делінген үндеуде.

Наразы азаматтар судья өз өкілеттігін асыра пайдаланып, конституциялық нормаларды, Қылмыстық іс жүргізу кодексін және судьялық этиканы бұзып отыр деп отыр. Нараззы топтың айтуынша, судья олардың жақындарының қатысы бар қылмыстық істі ашық біржақты және айыптаушы көзқараспен жүргізген.

Тұрғындар өздерінің мақсаты сотқа қысым көрсету немесе істің барысын өзгерту емес екенін айтады. Олар судьяның қызметтік міндеттерін орындамай отырғанына назар аудартқысы келеді.