Шымкенттегі мектептердің бірі 20 допқа 2 млн теңгеден астам қаражат жұмсамақ болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин мәлім етті.
“Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2,2 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды. Қалалық білім басқармасының «№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы» КММ мемлекеттік сатып алу жоспарында 2,7 млн бюджет қаражатына 20 доп алуды бекіткен. Тауардың әрбір бірлігі 2-ден 10 есеге дейін асыра бағаланып есептелген”, – деді ол.
Департамент басшысының сөзінше, мемлекеттік мекеме баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған.
“Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына жоспардың тармағын қайта қарау туралы ұсыныс хат жолдады. Нәтижесінде 2,2 млн теңгеден астам қаржы үнемделді”, – деді Ерғарин.