Мысыр Қазақстанмен 14 күндік өзара визасыз режим енгізуге ниетті

Ғалиасқар Думан

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мысырдың Қазақстандағы елшісі Манал Эль Шиннави ханыммен кездесіп, мәдениет және туризм салаларындағы бірлескен іс-шаралар мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Биыл елімізде Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Ұлы тарихи тұлғаның мерейтойына арналған іс-шаралар бүкіл Қазақстанда өтіп жатыр. Таяу күндері қазақстандық делегация «аз-Захир Бейбарыс» мешітінің ашылуына және Бейбарыс сұлтанға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысу үшін Мысырға аттанады», - дейді Оралов әлеуметтік желіде.

Оның хабарлауынша, 4 маусымда Каирде қазақстандық артистерінің қатысуымен гала-концерт және Мысырдағы Қазақстанның мәдени күндері аясында қолданбалы өнер көрмесі өтеді.

«Бұл біздің мәдениет және өнер саласының қызметкерлері үшін өнерлерін паш етуге үлкен мүмкіндік.  Сондай-ақ, биыл қараша айында екіжақты Үкіметаралық комиссияның VI отырысын өткізуді талқыладық. Эль Шиннави ханым өз кезегінде ҚР Ұлттық музейінде мамлюк кезеңіндегі ислам мәдениетінің көрмесін өткізу туралы ұсыныс айтты. Мысырлық серіктестеріміз іс-шараны биыл ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мен бұл бастаманы іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенімді білдірдім.

Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы бөлек әңгімелестік. Кездесу барысында қос мемлекет арасындағы тікелей әуе рейстерінің санын арттыру бағытында іс-шараларды пысықтауды ұсындым.

Эль Шиннави ханым Мысыр қазақстандық туристер арасында ең танымал үшінші бағыт екенін атап өтіп, 14 күндік өзара визасыз режимді енгізуге қызығушылық білдірді. Біз бұл мәселені де қарастырамыз. Қазақстанда Мысырдан келген қонақтарға ұсынуға болатын, оның ішінде  еліміздің туристік секторындағы инвестициялық жобалар сынды дүниелер баршылық», - дейді Оралов.