Мектеп бітіруші түлектердің түнгі ойын-сауық мекемелерінде болуы заңмен қатаң реттеледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Вице-министрдің сөзінше, түлектердің мектеп бітіру күнін атап өтуі ата-аналар мен мектептің өз еріктерінде.Десе де, ол мұндай іс-шараларды өткізуге қатысты бірқатар ереже бар екенін еске салды.
«Ең алдымен бізде қазір сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға, оның ішінде оны ұйымдастыруға арнайы агенттіктерді тартып, арнайы студияларды жалдауға ақша жинауға тыйым салынған. Осының алдында да ата-аналар мен педагогтерді ескерттік», - деді Еділ Оспан.
Министрдің орынбасары балалардың түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі жүріс-тұрысы қатаң бақыланатынын атап өтті.
«Бұл жағдайларда балалардың заңды өкілдерінің бірге болуы, қоғамдық тәртіптің бұзылмауы ерекше бақылауда болады. Мектепті аяқтау, кез келген жасөспірім үшін маңызды, толқитын сәт. Сондықтан мектеп, ата-ана, мемлекеттік орган осы сәтте түлектердің шалыс қимыл, қателік жасамауына, ол сәтті ерекше өткізуіне қолдау көрсетуі керек. Заңдағы шектеу шаралары да осыған бағытталған», - деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Антикор мектеп түлектерінің бітіру кешіне байланысты шенеуніктерге ескерту жасаған.
Сондай-ақ, Алматы түлектері үшін мерекелік жиындарды өткізуге қатысты қандай тыйымдар бар екені айтылды.