Астананың екі ауданында су қысымы төмендеп кетті

Ғалиасқар Думан

 Елорданың Есіл мен Нұра аудандарында су қысымының төмендеуіне құбырдың зақымдануы себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Астана су арнасы» баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы ауданындағы Момышұлы, 1 мекенжайында орналасқан жаңа мектепке жол салу кезінде «Стройпроминвест» ЖШС (тапсырыс беруші – Bi Group) диаметрі 150 мм-лік су құбырын зақымдаған.

«Жарықты бітеу сағат 01:25-тен 05:00-ге дейін созылды. Сондықтан сол аралықта сол жағалау бағытында өтетін диаметрі 1000 мм-лік су құбырын уақытша жабуға тура келді. Осы жұмыстардың барысында Есіл және Нұра аудандарында су қысымының төмендеуі байқалды. Су беру жүйесі біртіндеп қалыпқа келіп жатыр», - деді «Астана су арнасынан».

Айта кетейік, бұдан бұрын елорда әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғын үйлерге су қашан қалыпты мөлшерде берілетінін айтқан.