Шымкентте балаларды аяусыз сабаған мешіт ұстазы жұмыстан қуылды

Ғалиасқар Думан

Шымкентте балаларды сабаған мешіт ұстазы жұмысынан босатылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Бұдан бұрын желіде Шымкент қаласында кәмелетке толмаған балалардың ұрып-соғылғаны жайлы видео тарады. Кадрлардан балалардың арқасы тілінгенін, гематомалары барын көруге болады.

«Құрметті азаматтар, тиісті мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері медресеге алып барып, оларды ұрған. «Хадистерді» білмеген үшін оларды ұрған», - дейді видеодағы азамат.

Көп ұзамай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы балаларды сабаған мешіт ұстазы жұмысынан босатылғанын айтты.

«Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Сейітқожа, Есенқожа Ешмұратовтар өз ұлдары Батырхан мен Әлиханға сыныптасы – «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровқа үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді. Өкінішке қарай «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған. Біріншіден, бұл оқиға медреседе болмаған. Екіншіден, «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып алдын-ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз», - деп жазды А. Қонарбайұлы желідегі парақшасында.

 Айтуынша, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкерлеріне шара қолданды. Бүгін, 2023 жылдың 15 маусымында Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды. Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда», - деді мүфтияттың баспасөз хатшысы.