Екібастұздағы апат: жылу маусымына салғырттық танытқандар ісі сотқа жіберілді

Ulysmedia

Екі лауазымды азамат жылыту маусымында немқұрайлылық танытқаны үшін күдікті деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz PavlodarNews-ке сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС объектілеріндегі апат бойынша қылмыстық істің  сотқа дейінгі тергеуі аяқталып, сотқа жолданды.

2022 жылы 30 қарашасында Павлодар облысының прокуратурасы ҚР ҚК 254-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын.

Тергеу барысында Екібастұз ЖЭО-да ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйінің тиісті жағдайда болмауы салдарынан қысым датчигінің импульстік түтігі қатып қалғаны, нәтижесінде реттеуші жалған көрсеткіштер негізінде сумен қоректендіруді ұлғайтқаны анықталды. Бұдан әрі химиялық цехтың қызметкерлері тағы екі сорғыны қосқандықтан, қысым көтеріліп, ЖШС-ның жылу желілерінде көптеген бұзылуларға әкеп соқты.

“Жүргізілген сараптама нәтижесінде құбыр магистралінің 100% тозғаны, қазандық турбиналық және су жылыту цехтарының бас корпусы конструкциясының авариялық жай-күйі, басшылық пен жедел персоналдың қате және келісілмеген әрекеттері анықталды. Міне, осы қателікиің барлығы апатқа жол беруге себеп болған”, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, аудит, МСҚБ, ТЖД, СЭС, еңбек басқармасы, ДРЭМ, ҚМА және ҚР ЭМ мамандары тартылды. Олар ЖШС электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады.

2023 жылы 16 мамырда ЖШС бұрынғы бас директорының, ЕЖЭО және ЭЖС директорларының іс-әрекеттері ҚР ҚК 254-бабы бойынша сараланды.

Ағымдағы жылдың 22 мамырында тергеу аяқталып, 15 маусымда прокурор зерделегеннен кейін іс мән-жайы бойынша қарау үшін Екібастұз қалалық сотына жіберілді.

Сонымен қатар, үстіміздері жылдың 11 қаңтарында ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі (салғырттық) бойынша жылыту маусымына жауапты лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы  фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Онда екі фигурант (аумақтық Энергетикалық қадағалау департаментінің басшысы және Екібастұз қаласының ТКШБ басшысы), яғни өкілеттіктеріне байланысты жылыту кезеңінде ЖШС қызметін қадағалау және тиісті бақылауды қамтамасыз етуге міндетті тұлғалар анықталып, күдікті деп танылды. 

Осы факті бойынша тергеу жалғасуда. ҚР ҚІЖК 47, 201-баптарының талаптарына сәйкес өзге ақпарат құпиялылықты және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын сақтау мақсатында жария етілмейді.

Бұған дейін сот Екібастұз қаласы әкімінің «Екібастұзтеплоэнерго» компаниясына қарсы арызын қанағаттандырған болатын. Кәсіпорыннан қалалық бюджет пайдасына – 22 170 308 теңге материалдық шығын өндірілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жағдай жылу беру маусымында қайталанбау керектігін айтқан болатын.