Орамалға келген Кәмшат Жолдыбаева араб тілін үйреніп жүр

Ғалиасқар Думан

Жуырда киіну стилін өзгертіп, орамал таға бастаған белгілі әнші Кәмшат Жолдыбаева араб тілін үйреніп жүргенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр: instagram.com/kamshat__zholdybayeva/

 “Қымбатты ағайын, қайырлы таң! Менде апта араб тілі сабағынан басталып жатыр. Нұр-Мүбәрак университетіне келіп отырғаны жайым бар. Зуль-Хиджа айы кіріп жатыр. Бұл ай тек игі амалдарға, ғибадатқа толы болсын. Жаңа апталарыңыз жаңа жеңіске, қуанышқа толы болсын”, – деді Жолдыбаева желідегі парақшасында.

Instagram-да 2,9 млн жазылушысы бар Кәмшат Жолдыбаева хиджабқа толық көшпегенімен, бұрынғыдай ашық-шашық киінуден түбегейлі бас тартып, ұзын етек көйлек киюі, басына орамал тартуды әдетке айналдыруы желідегі жұртқа жаңалық бола қойған жоқ. Өйткені оған дейін Жолдыбаеваның өзге әріптестері – танымал блогерлер де жаппай орана бастаған-ды. 

Бұдан бұрын  тележүргізуші Динара Сәтжан миллиондаған оқырманы бар блогерлерге хиджаб кигені үшін ақша ұсынылғаны жайлы айтқан еді.

"Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз бар. Біз өз тарихымызды келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ал егер бірнеше онжылдықта немесе тіпті бірнеше жылдан кейін біздің қазақтар қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз мұны қалаймыз ба? Менің бұл сұрақты көтеру себебім –  блогерлерге оранғаны үшін ақша ұсынылғанын естідім, айтуларынша, аз сома емес. Мені осы нәрсе шошытады", - деді ол.

Жуырда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, қандай да бір топтың, ұйымның атынан ақша алып, жарнамасын жасайтын блогерлер салық төлеуге міндетті екенін алға тартты.

“Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – адамның ұстанымы, оның ішінде діни ұстанымы. Егер адам өз еркіммен осы жолға түстім, тақуалыққа бет бұрдым дейтін болса, ол сол адамның жеке құқығы. Оған теріс пікір айтудың немесе қолдаудың қажеті жоқ. Екінші мәселе – мұның артында бизнес тұруы мүмкін деген пікір бар. Жақында ғана Парламент онлайн жарнамаға қатысты заң жобасын жұмысқа алды. Егер желідегі контенттің ақысы төленген болса, салығын төлесін, жарнаманың ақылы екенін көрсетсін. Мәселен, теледидарды қоссаңыз, жаңалықтың жаңалық екені, жарнаманың жарнама екені айқын көрініп тұрады. Газет-журналдарда да ақылы материалдар арнайы белгімен таңбаланады”, – деді депутат.