Абай облысындағы өрт әлі толық сөндірілген жоқ

Ғалиасқар Думан

18 маусым кешкі жағдай бойынша ТЖМ мен ЭТРМ бірлескен күштерімен аэровизуалды ұшу және қарауылдау барысында анықталған түтін шығып жатқан орындардағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖМ

ТЖМ мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жергілікті жерге мониторинг жүргізіліп жатыр.
 
500-ден астам адам, 167 техника, 6 әуе кемесі жұмылдырылған. 3 елді мекенде (Талица, Успенка, Бородулиха) орнатылған командалық-штабтық автомобильдер есебінен бейнесуретті нақты уақытта жібере отырып, өрттің периметрі бойынша жағдайдың мониторингі қамтамасыз етіледі.

Өрт басталғалы бері барлығы өрт ошақтарына 2 707 рет көлемі 7 951 астам тонна су төгілді.

Еске салайық, “Семей орманы” аумағында өрт  8 маусымда тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.

Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.