1 шілдеден бастап міндетті зейнетақы жарнасын кімдер төлеуі тиіс

Ғалиасқар Думан

Биылғы 1 шілдеден елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енуіне орай міндетті зейнетақы жарнасын төлейтіндерге қатысты тәртіп өзгереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін азаматтардың мына санаттары БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес болып келді:

  • салық агенттері саналмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар;
  • Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап жоғарыда аталған барлық тұлғалар БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндетті болады.

“МЗЖ төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Ол өз кезегінде оны пайдасына осы жарналар аударылатын жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес БЖЗҚ-ға аударады. Бұл шара халықты болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз етуді көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту аясын ұлғайтуға ықпал етеді”, – делінген хабарламада.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандықтар зейнетақы жинағының жартысын инвестициялық компанияларға бере алатыны хабарланған.