Журналист Думан Мұхаметкәрім қылмыстық істе күдікті деп танылды

Ғалиасқар Думан

Бұл ақпаратты тұтқындалған журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Думан Мұхаметкәрім "экстремизмді қаржыландыру" ісі бойынша күдікті деп танылды.

Ол 48 сағатқа қамалды.  Жақында бұлтартпау шарасын тағайындайтын тергеу соты өтпек.

Айта кетейік, бүгін журналисті әкімшілік мерзімнен кейін тергеу изоляторынан босатылуы керек болған.

Еске салайық, Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды

2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.

Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхаметкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.

Жуырда Думан Мұхаметкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді.