Активтерді қайтарса, қудалаудың не қажеті бар? – министр Есқараев

Аян Өрібай

Әділет министрі Азамат Есқараев «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенатқа жіберген «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасына заңгерлер, белсенділер тарапынан сын баршылық. Соның бірі – заңсыз шығарылған активтерді елге ерікті түрде қайтарған адамның қылмыстық жауапкершіліктен босатылатыны. Заң жобасының 22 бабында «тізілімге енген тұлға заңнамаға қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасау жолымен мемлекетке өз еркімен қайтаруға құқылы» делінсе, 23 бабы 4 тармағында процестік келісімге келген адам «сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылатыны» жазылған.

Бұл норма Қылмыстық кодекстің немесе басқа да заңдарға қайшы келмей ме деген сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Әділет министрі Азамат Есқараевқа қойған.

«Заңгер ретінде айтайын: бұл біздің заңнамамыздағы жаңа новелла емес. Қылмыстық іс жүргізуде бұрыннан бері қолданылып жүрген процессуалдық келісім деген нормалар бар. Сондықтан, біз жаңашылдық ашып жатырмыз деп айтуға болмайды. Егер сәйкес тұлға активтерін қайтарса, мемлекет алдында ары таза болса, онда ол кісіні заңмен қудалаудың не қажеті бар? Ол мемлекет үшін уақыт және ресурстарды үнемдеу үшін өте тиімді келісімшарт деп ойлаймын», - дейді ол.

Министр жалпы заң жобасын депутаттар әзірлегенін, Әділет министрлігі тек ұсыныстар бере алатынын атап өтті. Депутаттар министрліктің ұсыныстарын ескеруі де, ескермеуі де мүмкін.

«Идеалды түрде заң жобалары болмайды. Әрқашан бір тарап немесе екінші тарап заң жобасына риза болмайды. Көптеген мәселе батыл шешім қабылдауды талап етеді. Реестрі жабық немесе ашық болғаны жөнінде реестрдің ашық болғаны – үкім емес қой. Сондықтан, ол азаматтардың істеп жүрген жұмыстары, бизнестері бар. Инвестициялық ахуалына жалған ақпарат болса, анықталмаса, активтердің заңды түрде шыққанын дәлелдей алса, экономикалық жағдайда әсер етуі мүмкін. Сондықтан, реестрдің жабық болуы дұрыс деп ойлаймын.

Біткен іске сыншы көп. Көптеген сыни пікір айтылады. Заң жобасы дайындалғаннан кейін сын айта берудің не қажеті бар!?» - дейді Есқараев.