Тоқтоғұл су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуі Орталық Азия елдерінде су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетовтің мәліметінше, Тоқтоғұл су қоймасының жалпы сыйымдылығы шамамен 19 текше шақырым. Алайда соңғы жылдары жиналған су көлемі тұрақты түрде азайып келеді. Бүгінде қоймада бар болғаны 6 текше шақырым су ғана қалды — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге аз.
- Тоқтоғұл су қоймасының жұмыс режимі — вегетациялық және вегетацияаралық кезеңде — Сырдарияның су деңгейіне тікелей әсер етеді. Су алдымен Қырғызстанға, одан кейін Өзбекстан мен Тәжікстанға, соңында Қазақстанға келеді. Мысалы, қазіргі жағдай: қоймада шамамен 6 текше шақырым су бар. Өткен жылы дәл осы уақытта 12,2 текше шақырым болған — яғни 6 текше шақырымға артық. Осындай маңызын ескере отырып, біз суармалы маусымға қажетті суды жинап, Орталық Азия елдерімен, соның ішінде энергетика саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол.
БОЛЖАМ
Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, 2030–2040 жылдарға арналған болжамдар өңірдегі су ресурстарының, соның ішінде ірі су қоймаларындағы қордың одан әрі азаятынын көрсетіп отыр.
- Су көлемі қысқара береді. Сондықтан ағыстың төменгі жағында орналасқан елдерді сумен қамтамасыз ету үшін қыста суды барынша тиімді жинау қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттер арасында келісім бар: күз-қыс және көктем мезгілінде су жиналады, ал жазда су жіберіледі.
- Бұл бағытта мемлекетаралық деңгейде жүйелі жұмыстар жүріп жатыр — энергетика министрлігімен және су ресурстары министрлігімен бірлесіп іске асып жатыр, — деп түйіндеді комитет төрағасы.