Тапшылық қаупі жоқ, бірақ қымбаттауы мүмкін – министр қант бағасы жайлы

Ғалиасқар Думан

Премьер-Министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкімет кулуарында қант бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

agromer.ru

«Әуелде қанттың көтерме бағасының ең төменгі деңгейін енгізгіміз келді, әзірге тоқтадық. Өйткені, қант қымбаттап жатыр. Бізде қант өндірісі Ресейге қарағанда қымбатқа түседі. Әзірге ресейлік қант арзан, дегенмен біз әзірге жағдайды қалыпта ұстауды жөн көрдік. Отандық қант зауыттарын қолдау шаралары қазір пысықталып жатыр. Әзірге қант бағасының босаңсуына жол бермеу үшін өндірушіні субсидиялау нұсқасын ғана қарастырамыз», - деді министр.

Жұманғарин шикізат бағасы да өскенін айтты.

«Біздің зауыттар қоймадағы қантты сата алмай отыр. Себебі өндіріс құны өте қымбат. Өйткені шикі қант биржаларда қатты қымбаттады. Қант тапшылығы қаупі жоқ, ал қымбаттау бойынша мәселені қарастырамыз», - дейді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын депутат Серік Егізбаев қант өндірушілерге мемлекеттік қолдауға артқанымен, өндіріс көлемі, керісінше, азайып кеткенін айтқан еді. Оның дерегінше, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9% қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7%, ал 2022 жылы - 6% дейін төмендеген.

Сондай-ақ, елімізде қант тұтыну көлемі артқанын хабарлағанбыз.