Жанболат Мамайға шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Ғалиасқар Думан

Апелляциялық сот тіркелмеген Демпартия көшбасшысы Жанболат Мамайға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұл туралы белсендінің зайыбы, журналист Инга Иманбай мәлім етті.

“Жанболат Мамайға шығарған сот үкімі өзгеріссіз қалды. 6 жыл шартты түрде сотталды, 6 жылға қоғамдық-саяси, журналистік қызметтен шеттетілді. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бүгін Жанболаттың оқшауда отырғанына 499 күн болды. Күрес мұнымен тоқтамайды. Енді Жоғары сотқа жүгінеміз, одан кейін БҰҰ комитеті бар. Қаншама халықаралық ұйымдар мәлімдеме жасады, БҰҰ Жұмыс тобы шешім шығарды. Соған қарамастан, билік репрессивті саясатын жалғастырды. Саяси реформа, өзгеріс деген осы ма?”, – деп жазды ол.

Еске салайық, сот Жанболат Мамайды 6 жылға шартты түрде соттады. Оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Жанболат Мамайға «Қасақана жалған ақпарат тарату» (274-бап), «Билік өкілін қорлау» (378-бап) және «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру» (272-бап) бойынша айыптар тағылған еді. Алғашқы екі айыптау 2021 жылғы оқиғаларға, ал үшіншісі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты.

Мамай ісін зерделеген БҰҰ жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жолдап, белсендінің негізсіз сотталғанын мәлімдеген