“Екінші Екібастұзға айналуы мүмкін": МАЭК жұмысшыларының жанайқайын неге ешкім тыңдамады

Ғалиасқар Думан

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

"Дұрыс айтасыз, біз жағдайдың күрделі екенін білдік. Компания қызметкерлері ғана емес, облыс әкімдігі, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау қызметкерлері де бұл жағдайды түсінді. Дәл осы жағдайды жою үшін әкімдік 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат сұрады. Білесіз бе, премьер-министрдің қысқа дайындық туралы шұғыл кеңесі өтті, онда осы ақшаны бөлу туралы шешім қабылданды. Яғни, биыл бұл кәсіпорын үшін 3,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл апат – энергетикалық кәсіпорынның ұзақ уақыт қаржыландырылмауының салдары", - деді ол.

Еске салайық, 3 шілдеде Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы тоқтап қалды. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.

15 сәуірде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының жұмысшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеөтініш жазған болатын. Жұмысшылар МАЭК-тегі жабдықтың жағдайы өте төмен және ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмегенін айтты.  Еңбеккерлер 80 пайызға дерлік ескірген жабдықта жұмыс істеуге мәжбүр. Олар кәсіпорын басшылығын өзгертуді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті. Қызметкерлердің айтуынша, жағдай “екінші Екібастұзға” айналудың аз-ақ алдында тұр.

МАЭК жұмысшылары шамамен 160 мың теңге алатыны хабарланды, ал кәсіпорын басшылығы 1,5 миллион теңге алады.

Сондай-ақ, жуырда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясының соңғы алты жылдағы жұмысын тексеру нәтижелері жарияланды. Анықталған 400-ден астам заңсыздықтың көпшілігінің себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен жоспарлаудағы қателіктер екені айтылды.