Залал – 757 млн теңге: Астанада қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Ғалиасқар Думан

Қазақстандықтар 757 млн теңгеден астам қаржы салған қаржы пирамидасының басшылары сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"2023 жылғы 4 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "World Business Consulting" қаржы пирамидасының басшыларына үкім шығарды", – делінген хабарламада.

Сотта анықталғандай, 2018-2022 жылдары М., К. және Н. "World Business Consulting" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құрып, басқарған және азаматтардың жалпы сомасы 757 млн теңгеден астам қаржысын тартқан.

Іс бойынша Қазақстанның түрлі қалаларының 83 тұрғыны жәбірленуші деп танылды.

"М. және К. 6 жыл 8 айға сотталды, ал Н. қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды", –  делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қызылордада Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды.