Оңтүстік Кореяны бағындырған қазақтар енді Англияға маусымдық жиын-терінге жаппай аттанып жатыр екен. Бұл туралы журналист Абай Сейфуллаұлы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Шолып шықтым: көбі жас қыз-жігіттер, капуста теру, қызанақ жинау, пияз жұлу, саңырауқұлақ қаптау, арту, тасу сияқты жұмыстарға жегіледі. Бір артықшылығы - легалды, 6 айға виза алады, әрі қарай заңсыз қалып кетпесе.
Агрофирмалар орташа есеппен сағатына 10 евро төлейді. 12 сағаттық режиммен сонда айына 800 мың - 1 млн көлемінде шығады ғой. Бәрін еліктіретіні осы, бірақ ар жағындағы ауыр физикалық еңбек, талған бел, жаңбырлы ауа-райындағы тынымсыз жүріс, 4-5 сағат ұйқы, вагондағы өмірді де ойлау керек. Елдің бәрі қарға қуып қаржыға батып жатыр екен деу - романтикалық қиял ғана. Бұрын қара жұмыс істеп, ауыр көтермегендерге қиын болатыны түсінікті. Оның үстіне, Орта Азиядан келгендерге мұрнын шүйіре қарайды емес пе? Моральдық-физикалық салмақ осының бәрі. Барғысы келетіндер шектен тыс көбейіп, алаяқ агенттер де пайда болыпты”, – делінген автордың жазбасында.
Ол, алайда экономикалық жағдай, елдегі еңбектің төмен бағалануы өзге ньюанстарды ойлауға мұрша бермей тұрғанын да атап өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін ақтаулық рекордсмен Англияда қырыққабат теріп жүргенін жазған болатынбыз.