Ресей-Украина соғысының ЕЭО елдеріне әсері қандай?

Ulysmedia

Ресей-Украина соғысы Еуразиялық экономикалық одаққа қалай әсер етіп жатыр? Бұл сауалға Назарбаев университетінің ассистент-профессоры Жәнібек Арынов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі Post Scriptum ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Сарапшының пікірінше, Ресей Федерациясының Украинаға қарсы басқыншылық соғысы тек Ресейдің емес, Ресей мүшелік ететін аймақтық ұйымдардың да жұмысына қатысты сынның еселеп өсуіне түрткі болды. Солардың бірі - Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО). Нәтижесінде, ЕАЭО-тың тиімділігі мен қажеттілігіне қатысты күмән күшейіп, ұйымның сыртқы және ішкі легитимділігі үлкен мәселеге айналып отыр.

“Мәселенің алғашқысы ЕАЭО-тың сыртқы легитимділігі. Халықаралық қатынастар жүйесінде жаңадан пайда болған актор жүйенің толыққанды мүшесі болу үшін өзге акторлар тарапынан жүйенің легитимді мүшесі ретінде танылуы қажет. Бұл мемлекеттерге де, ЕАЭО секілді халықаралық ұйымдарға да катысты. Ол актордың легитимділігі өзгелер тарапынан мойындалмаған жағдайда, олармен теңдей қарым-қатынасқа түсіп, жүйенің толыққанды мүшесі атану мүмкіндігі болмайды. Сол себепті, 2015 жылы құрылған сәттен бастап, ЕАЭО халықаралық легитимділігін арттыру мақсатында өзге елдермен ресми байланыс орнатуға тырысып келді. Одақтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында да аталған мақсат нықтап көрсетілген. Осы ретте, ЕАЭО Вьетнам, Иран, Сербия және Сингапур секілді елдермен еркін сауда туралы келісімдерге қол жеткізді. Қытайдың «Belt and Road>>> бастамасы мен ЕАЭО арасындағы синергияны күшейту мәселесі де сөз болып келді. Алайда, бірқатар сарапшылардың пікірінше, аталған келісімдердің мазмұны өте саяз, ЕАЭО-тың сөз жүзіндегі амбицияларын қанағаттандыруға және халықаралық жүйедегі беделін арттыруға мүлдем қауқарсыз”, – деген Жәнібек Арынов.

Ол оған қоса, батыс мемлекеттері, соның ішінде Еуропалық одақ (ЕО) ЕАЭО-ты ресми мойындаудан мүлдем бас тартып отырғанын айтады. Осы ретте, ЕО-тың ЕАЭО үшін рөлі маңызды екенін, сонымен қатар оның негізгі екі себебін алға тартты. 

“Біріншісі - символикалық ЕАЭО Еуроодақ тәжірибесіне сүйеніп, көптеген тұстары еуропалық модельге қарап жасалды. Тиісінше, әлемнің ең үздік интеграциялық моделі тарапынан ресми танылу - ЕАЭО-тың интеграциялық жоба ретінде сәтті болғандығын көрсетер еді. Екінші себебі - прагматикалық. ЕАЭО-ты құрушы мемлекеттердің ең үлкен экономикалық әріптесі саналатын Еуроодақпен ұйымаралық ресми қарым-қатынас байланыстарды әрі қарай тереңдете түсер еді.

Сыртқы қысымнан бөлек, ЕАЭО-қа қарсы мүше мемлекеттер қоғамдары тарапынан ішкі қысым да артып келеді. Ол үрдісті Қазақстанның мысалында айқын көріп отырмыз. Оның негізгі үш себебін атап көрсетер едім. Алғашқысы, ЕАЭО-ты құру туралы шешім - жоғарғы деңгейде ғана қабылданған, қоғамның ешбір қатысуынсыз жасалған шешім болды. Салдарынан, Қазақстанның ЕАЭО-қа мүшелігі қаншалықты легитимді екендігі кейбір қоғам топтары арасында сұрақ тудырады. Екіншіден, ЕАЭО-тың ауыз толтырып айтарлықтай ешбір экономикалық жетістіктері көрінбейді”, – деді сарапшы.

Жәнібек Арынов аталған ұйым экономикалық интеграцияны тереңдетіп, мүше мемлекеттердің экономикасы мен халықтарының тұрмыс-тіршілігін жаңа деңгейге жеткізеді деген уәде берілгенін еске салды. Іс жүзінде, ЕАЭО-тың экономикалық көрсеткіштері сарапшылардың жаппай сынына ұшырап отыр. Оған қоса, ЕАЭО шеңберіндегі келіссөздер барысында Қазақстан тарапы өз мүдделерін толықтай қорғап қалуға қауқарсыздық танытып, Ресейдің экономикалық қысымы салдарынан тиімсіз келісімдерге қол қоюға мәжбүр болды деген сынды пікірлер де кәсіпкерлер мен жалпы қоғам арасында жиі айтылып келеді.

“Соңғысы - саяси мәселе. Ресейдің Украинадағы соғысы, Қазақстанға қарсы жасалынып жатқан саяси әрі экономикалық қысымының үдеуі, оған қоса, кейбір ресейлік тұлғаларының Қазақстанға қатысты агрессивті Риторикасы қазақстандық қоғамда қаншалықты Ресеймен жақын қарым-қатынаста болуымыз керек деген сынды орынды сұрақ тудырып отыр. Нәтижесінде, соңғы жылдары тек Ресейге ғана қатысты емес, Ресей жетекшілік ететін ЕАЭО немесе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сынды ұйымдарға да қатысты Қазақстан қоғамындағы күдік айтарлықтай өсіп отыр. Осы ретте, Қазақстанның ЕАЭО-қа қатысты ресми саясаты қандай болмақ керек? Ресей төңірегінде қалыптасқан геосаяси және экономикалық ахуал да әрбір қадамды өлшеп басуды талап етеді. Осы орайда, Ресей мүшелік ететін ЕАЭО-тың үшінші елдермен немесе өзге де аймақтық ұйымдармен қарым-қатынасын нығайту мүмкіндігі бұлыңғыр күйде қалмақ. Оған қоса, уақыт өткен сайын қоғам арасында ЕАЭО-қа қатысты күдік пен сыни көзқарастардың арту ықтималдылығы жоғары”, – деді профессор.

Сол себепті, үкімет орын алып жатқан өзгерістерді елеусіз қалдыра алмайды. Әрине, бір мезетте ұйымнан бас тартып, шығып кету мүмкіндігі өте төмен. Десек те, ұйым шеңберіндегі интеграцияны одан әрі тереңдетуге бағытталған жұмыстарды бәсеңдету қажеттігі туындап отыр. Осыған дейін қол қойылған келісімдер толықтай жүзеге аспай отырып жаңа келісімдерге қол қою - сапасыз салынған іргетастың үстіне үй салумен бірдей.

“Сонымен қатар, ЕАЭО шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша барынша ашықтық қажет. ЕАЭО туралы ақпараттық вакуумды сапалы әрі шынайы ақпаратпен толтыру қажет, ашық қоғамдық дискуссияға жағдай жасалуы керек. Ондай қадамсыз ЕАЭО қатысты ұзақ мерзімді тұрақты саясат жүргізу мүмкіндігі төмен болмақ”, – деді Арынов.