Еліміздегі ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынды

Ғалиасқар Думан

2022 жылы өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында жазылған.

«Мемлекеттің монополиялануы және нарықтың жоғары шоғырлануы салдарынан операторлар арасында клиент үшін бәсекелестіктің төмендеуі байқалады. Бағаның өсуіне, тұтынушыларға талап етілмеген қызметтерді жүктеуге, сондай-ақ байланыс және интернет қызметтерінің сапасына шағымдар көбейді. Мысалы, 2022 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларына қатысты байланыс қызметтерінің сапасы бойынша 1 492 тексеру жүргізілді және оларға 3 млрд 44 млн теңге сомасына айыппұл салды», - делінген құжатта.

Мәлім болғандай, былтыр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне «Жарқын+» тарифтік жоспары бағасының 52,4%-ға, «қоңырау шалу» тарифі бойынша құнның 100%-ға қымбаттауына байланысты шағымдар жиі түскен.

Айта кетейік, бұдан бұрын олигарх Турлов 5G жаңа ұялы байланыс операторын құруы мүмкін екені хабарланған.