Минус 40 млрд теңге: «Өзенмұнайгаздың» табысы туралы деректер жарияланды

Ғалиасқар Думан

«Қазмұнайгаз» компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның шикізат сатудан түсетін жыл сайынғы табысы 2 триллион теңгені құрайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұдан бұрын журналист Михаил Козачков «Өзенмұнайгаздың» жылдық табысы туралы жазба жариялаған болатын. «Қазмұнайгаздағылар» жазбадағы деректердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

“Энергия ресурстарының бағасын, ішкі нарыққа жеткізілетін өнім үлесін (жанар-жағармай бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында) және өндіру көлемін қоса алғанда, компанияның жылдық табысы 1 триллион теңгеден аспайды. Мысалы, 2020 жылы мұнай саудасынан 477 млрд теңге қаржы түсті, ал 2022 жылы бұл сома 901 млрд теңгеге жетті”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, компаниядағылар журналист жазбасында «Өзенмұнайгаз» шығындарының құрылымына қатысты ақпараттың жалған екенін атап өтті.

“Мысалы, 2022 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ ұңғымаларды бұрғылауға 93 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 10%-ын жұмсады. Ал ұңғымаларды жөндеуге 14 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 1%-ы, сорғы-компрессорлық құбырларды сатып алуға 21 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 2%-ы жұмсалды”, – деп мәлім етті ҚМГ.

Компания мәліметінше, биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 14 млрд теңге болды.

“Бұл нәтижеге қарамастан, ұңғымалар қоры мен арнайы техника паркін, жерасты жабдықтарды жаңартуға бағытталған өзге де инвестициялық шығындарды ескергенде, таза қаржы ағымы минус 40 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Құйылған инвестициялар қайырымын компания болашақта көреді деп күтілуде”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын “Өзенмұнайгаз” бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаев ұсталған.

Сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» АҚ  және оның мердігер ұйымдарында жүргізілген тексеру нәтижесінде 118 заңсыздық анықталды.