Алматы әуежайын басып алу ісі: айыпталушыларды қолдауға 50-ден астам адам жиналды

Ғалиасқар Думан

Алматыда қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы халықаралық әуежайын басып алу ісі бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz

Бүгін сағат 15.00-де үкім оқылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта судья кеңесу бөлмесінде.

Таңертеңнен бері сот ғимаратының маңына айыпталушылардың туыстары, жақындары мен серіктері жиналып жатыр.

Сотталушыларды қолдауға кем дегенде 50 адам келді. Жаздың аптап ыстығында күннен қорғану үшін бастырмалардың астын саялап отыр.

Олардың көпшілігі айыпталушыларды босатуға үндеген плакаттар көтере келіпті. Бұдан бұрын адвокаттар тергеудің объективтілігіне күмәнданып, үкімнің алдын ала дайындалып қойғанын мәлімдегеніне қарамастан азаматтардың еңсесі түспеген, көздерінде үміт сөнбеген.

Естеріңізге сала кетейік, белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов, сондай-ақ Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев және Жанайдар Кәрменов әуежайды басып алды деген айып тағылған.

Белсенділер Тілеужан мен Нұрпейісов жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды (ҚР ҚК 272 - бабының 1-бөлігі) деп айыпталса, Дәлібаев, Шілібаев және Кәрменов әуежайдың стратегиялық объектілері мен "КазАэроНавигация" РМК шабуыл жасау және басып алу кезінде зорлық-зомбылықпен, өртеумен, мүлікті қиратумен және жоюмен қатар жүрген жаппай тәртіпсіздіктерге (ҚР ҚК 272-бабының 2-бөлігі) қатысты деген күдікке ілінді.

Бұған дейін прокурор айыпталушыларды 5-тен 11 жылға дейін соттауды сұраған.