Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын тиімді игере алмаған органдар мен өңірлерді атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері 121,7%-ке атқарылды және 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет шығыстары 99,3%-ке, республикалық бюджет шығыстары – 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ке атқарылды.
«Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Мұнда 62 млрд теңге атқарылмай қалды, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу болса, 49 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеудің анағұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт және Сыртқы iстер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы», - деді Е. Жамаубаев.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,8 трлн теңгені құрады. Онда 28 млрд теңге атқарылмай қалған.
«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд теңге бөлінген. Оның 99% игерілген. Игерілмей қалған 8 млрд теңге Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты», - деп түсіндірді Қаржы министрі.
Айта кетейік, бұдан бұрын елдің 4 өңірінде өндіріс көлемі төмендеп кеткені хабарланған.