Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ІІМ-нен Шүменовті жазалауды сұрады

Ғалиасқар Думан

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева боксшы Бейбіт Шүменовтің Астанадағы сауда орталықтарының біріндегі шулы төбелесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Айтуынша, ол ІІМ-не қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеру қажеттілігі туралы жүгінген.

“Баланың қауіпсіздігіне қауіп төну фактісі әлеуметтік желілерде жарияланған бейне кадрлармен расталады. Сол себепті бұл жағдайда тұлғаны жауапкершілікке қосымша түрде тағы бір бап - "Қорқыту" атты ҚР ҚК-нің 115-бабы бойынша тарту қажет деп ойлаймын”, – дейді Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қолданыстағы заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу үшін жауапкершілікті көздейтін бап жоғын атап өтті.

“Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған өзгерістер блогына тиісті ұсыныс енгізетін боламын. Жалпы, кез-келген жағдайда біз, ересектер, балалар туралы ойлауымыз керек деп санаймын”, – деп жазды ол.

Еске салайық, әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменовтің сауда орталығында балалы ер адамды соққыға жыққаны туралы қауесет 11 шілдеде тарады. 12 шілдеде ақпарат ресми түрде расталды.

"Иә, растаймыз, тергеу басталды. Іс "Бұзақылық” бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлық деңгейін сараптама көрсетеді", - деп жауап берді ІІМ өкілі.

Басы дауға қалған боксшы бұдан бұрын төбелеске қатысты өз нұсқасын айтқан болатын. Оның айтуынша, ол баласын қорғау мақсатында жәбірленушіге жұдырық сілтеген.

Бұдан бұрын соққыға жығылған ер адамның шетел азаматы екені белгілі болды.