Бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытының вице-президенті Данияр Мәкішевтің 35 жасында қайтыс болғаны белгілі болды. Зауыттың тағы бір вице-президенті Аслан Мыңбаев та 2017 жылы небары 40 жасында дүние салған. Ulysmedia.kz тілшісі зауытқа иелік ететін компанияны кім басқаратынын анықтап көрді.
"ПетроҚазақстан Ойл Продактс" компаниясының сайтында ұсынылған ақпаратқа сәйкес, оның президенті және атқарушы кеңестің басшысы – Ерболат Қожабаев.
Ол мұнай-газ саласында 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС-не келгенге дейін "CASPI BITUM "БК" ЖШС-де, "ҚазМұнайГаз-ПМ" АҚ-да, "ҚазМұнайГазӨнімдері"АҚ-да бас директор болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар, ол Астананың мамандандырылған экономикалық сотында судья болып жұмыс істеді. Бұдан бұрын "Астана-Нан" ЖШС директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ, "Қазақтелеком"ААҚ Қарағанды облыстық телекоммуникация дирекциясының заң бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Компанияның бірінші вице-президенті – Цзян Жиюань.
Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясында 28 жыл жұмыс істеген және өңдеу саласында үлкен тәжірибесі бар. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС-не келгенге дейін Цзян Жиюань ҚХР Цзилинь мұнай - химия компаниясы жанындағы МӨЗ бастығының орынбасары, цех бастығы, директордың орынбасары (1994-2005) болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар, ол "SORALCHIN" президенті және бас директоры болды – NNK және "Sonatras" арасындағы серіктестік, Алжир (2005-2008).
Сондай-ақ МӨЗ директорының орынбасары, Цзиньцзян мұнай-химия зауытының директоры болып жұмыс істеді.
Компанияның қалған басшылары туралы көп ақпарат берілмегенін атап өткен жөн.
Мысалы, өндіріс және стратегиялық жоспарлау жөніндегі вице-президенті – Цзэн Сюйдун, бас инженер – Чен Цинкунь, қаржылық тәуекелдерді бақылау жөніндегі директоры – Чжи Лонгхай.
Ал техникалық директоры Бақыт Ерегенов екені көрсетілген. Алты басшының төртеуі – шетелдіктер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент МӨЗ вице-президенті Данияр Мәкішевтің қайтыс болғаны хабарланған болатын.