Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Абай облысындағы ауқымды орман өрті кезінде "Семей орманы" қызметкерлерінің өліміне не себеп болғанын әлі білмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін баспасөз мәслихатында Ulysmedia.kz тілшісі өрттен кейін Абай облысына жіберілген министрлік қызметкерлерінің тобын тергеу қалай аяқталғанын сұрады.
Үкіметтік жұмыс тобының құрамында олар 15 адамның өмірін қиған қайғылы жағдайға не себеп болғанын және орман шаруашылығында қандай бұзушылықтарға жол берілгенін анықтауы керек еді.
Вице-министр Ордабаев вице-премьер Роман Склярға жүгінуге кеңес берді.
- Сұрақ бүгінгі брифинг тақырыбынан тыс. Үкімет комиссиясының басшысы Роман Васильевич Склярға жүгінген дұрыс болар, - деді ол.
Сондай-ақ, ол тергеу нәтижелерін әлі жариялай алмайтынын айтты.
- Прокуратура қызметкерлерінен құрылған ведомствоаралық топтың жұмыс нәтижелерін күту қажет болатынын атап өткім келеді. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін ғана өрттің нәтижелері туралы және "Семей орманы" қызметкерлерінің қаза болу себептері туралы нақты айтуға болады",- деді шенеунік
Еске салайық, “Семей орманы” аумағында өрт 8 маусымда тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.
Ал Бас прокуратура орман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.