«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев елімізде кейбір жанармай бекеттерінде АИ-95 бензинінің тапшылығы туындау себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Макеев АИ-95 бензинін өндіру жоспары толығымен орындалғанын атап өтті. Десе де, ол кейбір жанармай құя стансаларында АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығы барын растады.
«Шынымен де кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 бензині жетпей жатыр деген ақпарат тарады. Бұл мәселе логистикаға қатысты. Өйткені, жанар-жағармайды еліміздің батысынан оңтүстік өңірлеріне жеткізу екі аптаға созылуы мүмкін. Яғни бензин бар, бірақ тиісті көлемі жолда келе жатыр. Еліміздің аумағы үлкен екенін ескерсек, логистика біраз уақыт алады. Жалпы, біз тиісті техникалық іс-шараларды атқардық, Атырау мұнай өңдеу зауытына өндіріс бойынша ауқымды көлемі жүктелді», - деді компания өкілі.
Еске салайық, 3 шілдеде Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы тоқтап қалды.
Үкімет басшысы Смайылов апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді. Алайда энергетика министрі елдегі жанармай қоры санаулы күнге жететінін айтып, Ресей импортына иек артуға тура келетінін мойындады.