"Қылмыстық схема ма?": Шетелдіктерге Қазақстанға келмей-ақ ЖСН беру қызметі жарнамаланып жатыр

Ғалиасқар Думан

Депутат Мұрат Әбенов Қазақстанда шетелдіктерге заңсыз қызмет – біздің елге келмей-ақ ЖСН беру  ашық жарнамаланып жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Көршілес елдердің БАҚ-тың ресми сайттарында шетелдік қаржы мекемелері Қазақстан Республикасындағы серіктес банктердің сайты арқылы ЖСН рәсімдеу нұсқаларын ұсына отырып, клиенттерге қазақстандық карталар ашуды ұсына бастағаны туралы мақалалар жарияланды. Интернет желісінде Қазақстан аумағынан шетел азаматтары үшін Қазақстанның ЖСН қашықтан ресімдеу қызметтерін көрсету бойынша мамандандырылған сайттарға сілтемелер қолжетімді. Оларда 1-ден 3 күнге дейін қазақстандық ЖСН алуға болатындығы туралы толық ақпарат бар. Сайттан Телеграм ботқа көшу кезінде Қазақстанға келудің қажеті жоқтығын, басқа елден шықпай-ақ ЖСН алуға болады деген ақпарат шығады”, – деп жазды депутат.

Әбеновтің сөзінше, егер қызмет көптеген пабликтарда ашық талқыланса және ол туралы көрші мемлекеттердің БАҚ-тарында жазылса, шетелдіктер Қазақстан Республикасына келмей-ақ ЖСН ала алғаны туралы жарнамаласа, онда кем дегенде аталған фактілерді тексеруге, жұртшылықты тыныштандыру үшін, түсініктеме беруге негіз бар.

"Бұл іс жүзінде барлық мемлекеттік органдардың көз алдында жүзеге асырылатын қылмыстық схема. Бұл мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық схемасы ма, әлде қылмыстық немқұрайлылық па?",- деп таңғалады депутат.

Әбенов министрлердің бұған мән бермей отырғанына ашулы.

"Неліктен ҚР ІІМ басшысы Марат Ахметажнов, цифрландыру министрі Бағдат Мусин және ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі осы ұйым мен олардың сайтының әрекетін әлі тоқтатқан жоқ? Немесе жеке мүдде бар ма?",- дейді мәжілісмен.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ведомство бұл мәселені бақылауға алғанын айтты.

"Басылымда көрсетілген интернет-ресурс қазіргі уақытта зерттелуде. Нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады", - делінген хабарламада.