Ақтөбеде тұрмыстық жандалдан соң сірке суынан уланған келіншек жансақтау бөліміне түсті

Ғалиасқар Думан

Бұл оқиға жайлы "НемолчиKZ" қоғамдық қорына жәбірленушінің анасы мәлімдеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің айтуынша, әйелдің туыстары оған қысым жасалған деп күмәнданып отыр.

Оқиға 19 шілде күні болған. Содан бері жеті күн өтсе де сот-медициналық сараптама тағайындалмаған.

"Ақтөбеде күйеуімен арадағы жанжалдан соң сірке суынан уланып қалған әйел 19 шілде күні жедел жәрдем ауруханасына түсті. Әлі күнге дейін сот-медициналық сараптама жүргізілмеді. Осы істі Бас прокуратураның бақылауға алуын сұраймыз. Жолдасының түсініктемесінде әйел денесін өзі көгертіп, сірке суын өзі ішкені жазылған. Бұған күмән келтірген жәбірленушінің туыстары әйелді бопсалап, қорқытуы мүмкін деп қауіптенеді. Жәбірленуші қысым көрмеуі үшін күйеуінен, күйеуінің туыстарынан қорғау керек. Істі Қылмыстық кодекс аясында шешу керек",- деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.

Дәрігерлер 19 шілде күні сірке суынан уланған 39 жастағы келіншектің жансақтау бөліміне түскенін растады. Жедел жәрдем көмегін науқастың балалары шақырған. Дәрігерлер жұтқыншағынан бастап, өңеш, асқазанына дейін күйген келіншектің бүгінгі жағдайы жақсы екенін мәлім етті.

"Науқастың денесінде көгерген жерлер бар. Жұтқыншағы мен өңеші және асқазаны химиялық күйік алған. Ауруханаға жеткізілгенде әйелдің жағдайы ауыр болды, есін білді. Бүгін науқастың жағдайы жақсы. Стационарлық емді жалғастырудан бас тартады", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ал полиция оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.

"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде, сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп мәлім етті облыстық полиция департаменті.