Ақша бөлеміз, жөндейміз, реттейміз: министр Сәтқалиев АЭС құрылысы жайлы не дейді

Ғалиасқар Думан

Энергетика тақырыбындағы материалдарды Ulysmedia.kz оқырмандары "кеміріп" оқиды. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, өйткені өміріміздегі көп нәрсе дәл осы саланың жай-күйіне келіп тіреледі. Біз үнемі сарапшылар мен тұтынушылардың пікірін жариялап отырамыз, шенеуніктер өткізетін баспасөз мәслихаттарын жібермеуге тырысамыз. Дегенмен, жауаптардан гөрі сұрақ көп - шенеуніктер жеке әңгімелерде өздері түсіндіргендей, әр сөзін қатаң қадағалайды, өйткені халықтың сынына ілігіп кетуден қорқады. Қазақстанда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі - атом электр станциясын салу жобасы әлі күнге дейін құпия әрі түсініксіз болып отырғаны сондықтан болса керек.

Сарапшылар үкіметтің азаматтармен диалогқа барып, атом станциясының құрылысы туралы халық пікірімен санасуын талап етіп келеді.  Ulysmedia.kz редакциясы энергетика министрінің бұл туралы не ойлайтынын білуді жөн көрді. Жолдаған сауалдарымызға Алмасадам Сәтқалиев жазбаша жауап берді.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сіз атом электр станциясы қазақстандықтар үшін ең күйіп тұрған мәселелердің бірі деген пікірмен келісесіз бе? Ресейде Пригожин ұйымдастырған бүліктен кейін Қазақстан үкіметі әлі де солтүстіктегі көршіні осы жобаның басты серіктесі санай ма?

 – АЭС  саяси емес, коммерциялық жоба болып табылады. АЭС Қазақстанға қажет. Серіктес ретінде қай компания таңдалмаса да, ол тек атом электр станциясын салып береді, іске қоспайды. Ресейден басқа тағы 4 әлеуетті серіктеспен келіссөздер жүргізілуде: Қытай, АҚШ, Корея, Франция. Таңдау жасағанда жобаның Қазақстанның қажеттіліктеріне кешенді сәйкес келуіне баса мән беріледі.

Егер бізге станция қажет болса, неге үкімет осы қауіпті аймақта тұруға мәжбүр болатын халықты хабардар етіп, түсіндіру жұмыстары жүргізбейді?

- Біз Instagram, Facebook және Telegram желілерінде, интернет-порталдарында, республикалық және өңірлік БАҚ-та атом энергетикасын дамыту мәселесі және Қазақстанда АЭС салу жобасы жайлы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеміз.

Анықтама: ағымдағы жылдың 2-тоқсанында отандық республикалық және өңірлік БАҚ-та атом энергетикасын дамыту және Қазақстанда АЭС салу жобасы тақырыбында 273 материал жарияланды, оның ішінде - 11 сюжет/сұхбат республикалық және өңірлік телеарналарда,2 бағдарлама радиода, 11 материал баспа БАҚ-та, 249 материал электрондық БАҚ-та және интернет-порталдарда жарық көрді.

АЭС құрылысы тақырыбы "Ашық алаң" ("Qazaqstan"), "Біздің мақсат" ("Хабар"), "Жаңа кезең" ("7 арна"), "JJ Talk" ("Jibek Joly"), "Сұхбат" ("Хабар24"), "Ой-түйін "("Казрадио") сияқты танымал бағдарламаларда талқыланды.

Instagram, Facebook және Telegram әлеуметтік желілерінде ИНФОГРАФИКА мен бейнероликтерді қоса алғанда, 351 ақпараттық-түсіндіру посты дайындалып, жарияланды.

Бұдан басқа, түсіндіру жұмыстарының қамтылуы мен сапасын арттыруға, сондай-ақ АЭС салу идеясын ілгерілетуге бағытталған 9 офлайн іс-шара ұйымдастырылды.

Ақпараттық - түсіндіру жұмыстары ҚР Энергетика министрлігінің, "Самұрық-Қазына" АҚ өкілдерінің және атом, энергетика және экологиялық салалардың түрлі сарапшыларының қатысуымен жүргізіледі.

Тәуекел аймағында тұруға мәжбүр болатын адамдар бұл үшін қандай да бір артықшылықтарға ие бола ма?

- Атом энергетикасын дамыту ел үшін бірқатар артықшылықтар туғызады. АЭС құрылысы экономиканы әртараптандыруға, өңірдің өнеркәсіптік өндірісін және инвестициялық тартымдылығын арттыруға, аралас салаларда шағын және орта бизнесті дамытуға – материалдар, құрылыс техникасын жеткізуге, коммуналдық және басқа да қызметтерді ұсынуға мүмкіндіктер ашады.

АЭС құрылысы экономикалық өсуді және жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді. АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны аралас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын құрады.

Анықтама: АЭС-тен экономикалық макроэффекттер:

  • ЖІӨ өсуі (макроэкономикалық мультипликативті);
  • бюджеттік түсімдер (салықты қоса алғанда);
  • төлем балансы және сыртқы экономикалық қызмет саласында;
  • жұмыспен қамту және еңбек өнімділігінің өсуі;
  • инфрақұрылымдық және кеңістіктік даму;
  • өнеркәсіп саласында;
  • электр энергетикасы және энергетикалық қауіпсіздік саласында;
  • валюта бағамына әсері;
  • ҒЗТКЖ және инновация саласында;
  • білім беру және адами капиталды дамыту саласында.

Неліктен референдум өткізбеу туралы шешім қабылданды? Қазақстандықтар атом электр станциясының құрылысына қарсы дауыс береді деген қорқыныш бар ма?

 – "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ жүргізген қзақстандықтардың Қазақстанда АЭС құрылысына қатынасы тақырыбындағы әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес халықтың хабардар болу дәрежесінде ілгерілеу байқалады және АЭС құрылысын жақтаушылар арасында оң динамика байқалады. Бұл өзгерістер халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты.

Халықтың пікірін есепке алу мақсатында қоршаған ортаға әсерді бағалау кезеңінде ҚР экологиялық заңнамасына сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады.

Анықтама: 2021-2022 жылдар аралығында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ" қазақстандықтардың атом энергетикасының әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде ҚР АЭС салу мен пайдалануға қатынасы" тақырыбында бірқатар әлеуметтанулық зерттеулер жүргізді. Мәселен, әлеуметтанулық зерттеу қорытындысы бойынша АЭС құрылысы жобасы бойынша халықтың хабардарлық дәрежесінде ілгерілеу байқалады: 2022 жылы корреспонденттердің 65%-ы хабардарлықтың қандай да бір деңгейі бар деп жауап берді, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 47 % – ға тең болдды – өсім 18%-ды құрады.

Сонымен бірге АЭС құрылысын жақтаушылар арасында оң динамика байқалады. Мәселен, өткен жылғы сауалнамамен салыстырғанда қолдаушылар саны 8 тармаққа өсіп, 48%-ға жетті. Қарсылық білдіргендер үлесі 53%-дан 44,2%-ға дейін төмендеді.

Егер атом электр станциясы салынса, біздің өмірімізде не өзгереді? Электр энергиясы қымбаттай ма?

 – АЭС мұнайға, газға немесе көмірге тәуелділікті төмендете отырып, елді немесе аймақты энергиямен қамтамасыз ете алады. Бұл энергия қауіпсіздігін нығайтып, баға ауытқуының әсерін азайтады.

Көмір өндірісінде шикізат құнының үлесі шамамен 60-70%-ды құрайды және бұл электр энергиясы бағасы жанармай бағасының төмендеуіне немесе өсуіне тікелей байланысты екенін білдіреді.

Атом генерациясында уран құнының үлесі 10%-дан аспайды, яғни уран бағасының ауытқуы электр энергиясының түпкілікті құнына іс жүзінде әсер етпейді.

Болжамды тапшылықты, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың қолда бар өсуін ескере отырып, Қазақстан электр энергиясын өндірудің қолда бар проблемалық мәселелерін неғұрлым перспективалы шешімдермен қамтамасыз ету мақсатында жаңа базалық қуаттарды енгізуді қажет етеді.

Көміртекті бейтараптылықтың әлемдік күн тәртібін ескере отырып, көмір генерациясын базалық ретінде енгізу мүмкіндіктері халықаралық қаржы институттарының көмір электр станцияларын салуға қаражат салудан бас тартуына байланысты шектелген. Елдегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізу де мүмкін емес. Жаңартылатын энергия көздері, барлық артықшылықтарға қарамастан, табиғи-климаттық факторларға тікелей тәуелділікпен байланысты жұмыстың болжамсыздығына байланысты тұрақты және негізгі генерация көзі бола алмайды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, энергетика секторында қолданылатын технологияларды дамытудың ағымдағы деңгейі жағдайында атом электр станциясының құрылысы қолданыстағы қуат көздерін алмастырудың ең перспективалы шешімі болып табылады.

Тозған электр желілерінен қанша электр қуатын жоғалтып жатқанымызды біреу есептеп көрді ме? Мүмкін оларды ретке келтірсек, атом электр станциясының құрылысы туралы ұмытуға болатын шығар?

 – Жалпы ел бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 467 422 км құрайды, оның ішінде KEGOC АҚ желісінің 26,9 мың км және АЭК желісінің 273,9 мың км.

Ағымдағы тозу деңгейі 65 % құрайды, бұл өз кезегінде берілген электр энергиясы көлемінің шамамен 11% - потери жоғалтуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте электр энергиясының шығын көлеміне энергия беруші ұйымның электр желілік жабдығының тозуы ғана емес, сонымен қатар көптеген басқа факторлар (электр энергиясы көзінен, желілердің кернеу класынан қашықтық) әсер ететінін атап өткен жөн.

Энергия беруші ұйымдар ұсынған мәліметтерге сәйкес, олардың 50-ден астамы электр желілерінің әртүрлі ұзындықтарымен 5% - дан төмен шығындар деңгейіне ие. Мәселен, "Маңғыстау АЭК" АҚ (5467 км желі) өңірлік электр желілік компанияларының 3,76% - ға тең шығын көрсеткіші бар, "Межрегионэнерготранзит" ЖШС (8427 км желі) және "Ақмола АЭК" АҚ (20189 км желі) тиісінше 4,21% және 4,3% деңгейінде шығын көрсеткіштеріне ие.

Бұл ретте "Көкшетау энерго" ЖШС (15 636 км желі) 17,47%, "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС (23837 км желі) – 16,21%, "Жамбыл электр желілері" ЖШС (13 421 км желі) – 15,92% деңгейінде шығындарға ие.

Бұл ретте, неғұрлым егжей-тегжейлі талдау жүргізу үшін Министрлік электр желілерінің жай-күйінің объективті-нақты бейнесін белгілей отырып, электр желілеріне кешенді техникалық аудит жүргізуді қаржыландыру мақсатында донорлық ұйымды іздеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаймыз.

Өз кезегінде, электр энергиясын беру жөніндегі қызмет Табиғи монополиялар саласына жатады және "табиғи монополиялар туралы" Заңға сәйкес Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді бекітеді және әрбір энергия беруші ұйым үшін жеке инвестициялық бағдарламаларды қабылдайды, оның шеңберінде электр желілік шаруашылықты жаңғыртуды, реконструкциялауды, жаңартуды, қолдауды жүзеге асырады.

Желілерді жаңғырту жұмыстары жыл сайын және жоспарлы түрде жүргізілуде, бірақ энергия беруші ұйымдардың қаражатының шектеулі болуына байланысты электр желілерін қысқа мерзімде жаңғырту мүмкін емес.

Стратегиялық салалардың жекенің қолында болуы қаншалықты негізді?

 – Бүгінде энергия беруші ұйымдардың 70%-дан астамы жекенің қолдында, осыған байланысты бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жеке энергия беруші ұйымдардың электр желілік шаруашылығын дамыту және жаңғырту жөніндегі жобаларын іске асыруды қаржыландыру мүмкін емес.

Бұдан басқа, негізгі жабдықтардың тозу деңгейі жоғары энергия беруші ұйымдар үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жаңа инвестициялар тарту үшін "Инвестициялар орнына тариф" қағидатын енгізу шеңберінде 2023 жылға 1579 км желіні жөндей отырып, 61 млрд теңге сомасына инвестициялар тарту жоспарлануда.

Сондай-ақ, коммуналдық меншіктегі өңірлік электр компанияларының электр желілеріне кредит беру мәселесі пысықталуда. Өз кезегінде, атом электр станцияларын салу және электр желілерін жаңғырту бір-бірін жоққа шығаратын шаралар еместігін атап өткен жөн. Электр энергиясына деген болжамды қажеттілікке байланысты және елдегі жағдайларды ескере отырып, біз екі аспектіні қамтитын энергетикалық даму стратегиясын қолданатын боламыз.

2035 жылға дейінгі болжамды энергия теңгерімімен АЭС-пен қатар жаңа көмір генерациясын, ЖЭК-ті де, маневрлік газ генерациясын да енгізу көзделген.

Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрлігінің жауапкершілігіне жататын басқа да проблемаларға түсініктеме берді – келесі материалдарда біз оның Қазақстандағы мұнай өндіру және ЖЭО жағдайы бойынша көзқарасын жариялаймыз.